Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Шұғила Налибай Ташкентте өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының финалдық кезеңінде 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жарыста шаршы алаңға шықты.
Ширек финалда ол 2025 жылғы әлем чемпионы әрі 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы ресейлік Елена Гапешинамен кездесіп, екінші раундта мерзімінен бұрын жеңілді.
Осы нәтижемен Гапешина жартылай финалға өтті де, кемі қола медальді өзіне қамтамасыз етті. Ал Налибай жарысты жүлдесіз аяқтады.
Бұл Қазақстан құрамасы үшін жарыстың алғашқы күніндегі екінші сәтсіздік болды. Бұған дейін Даниял Сабит те 50 келіде жартылай финалға өте алмаған еді.
World Boxing ұйымының финалдық кезеңі Ташкентте бүгін, 28 қарашада басталды. Турнир 3 желтоқсанда мәресіне жетеді.