Халықаралық ACBJJ грэпплинг лигасы қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов пен Ирак өкілі, UFC жауынгері Әмір Әлбазидің кездесуін ресми түрде жариялады.
Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, no-gi ережесі бойынша өтеді. Бұл айқас ACBJJ 24 турнирінің бағдарламасына енгізілген.
Турнир 20 желтоқсанда Дубайда, Hamdan Sports Complex аренасында өтеді.
Жұмағұлов пен Әлбази бұған дейін октагонда кездескен. 2021 жылдың қаңтарында Абу-Дабиде өткен UFC 257 турнирінде ирактық спортшы қазақстандықты төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңген еді.
Алдағы айқас Жалғас Жұмағұлов үшін ACBJJ-дегі алғашқы кездесу болмақ. Ол бұған дейін лигаға төрт жекпе-жекке арналған келісімшартқа қол қойған.
Әмір Әлбази өткен аптада Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Бразилия өкілі Алессандро Костаны үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді. Осы нәтижеден кейін ол UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде жетінші орынға көтерілді.