Қазақстанның әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейінгі цикл аяқталған соң спорттық мансабын түйіндеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Боксшының айтуынша, қазіргі таңда ол Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп жүр және бұл — оның соңғы олимпиялық циклі.
«Мен бұрын да бұл менің соңғы олимпиялық циклім екенін айтқанмын. Жақында ғана 19 жастағы жас жігіт болып, ересектер құрамасына енгендей едім, Олимпиадаға қатыстым. Енді бір-екі жылдан кейін үлкен спортпен қоштасатын уақыт та келетін сияқты», — деді Жүсіпов.
Ол бокспен жеті жасынан бері айналысып келе жатқанын, қазір 29 жаста екенін және өмірінің 22 жылын үлкен спортқа арнағанын атап өтті. Спортшының сөзінше, ол бір сәтте мансабын аяқтауға бекінген.
«Бұл менің соңғы олимпиялық циклім. Егер лицензия алып, 2028 жылғы Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі туса, бұл нағыз керемет аяқталу болар еді. Ал егер ол мүмкіндік болмаса, мен жігіттерге үлгі көрсетіп, Олимпиадаға дейін көмектесемін. Содан кейін мансабымды аяқтауға дайынмын», — деді ол.
Абылайхан Жүсіпов 2025 жылғы әлем чемпионы, 2024 жылғы Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ ол әлем чемпионаттарында үш рет қола медаль (2017, 2019, 2021), Азия чемпионаттарында екі рет күміс медаль (2017, 2021) иеленген, 2026 жылы World Boxing Кубогы кезеңінде жеңіске жеткен. Бұдан бөлек, ол Қазақстан чемпионаттарында бірнеше мәрте топ жарған және Рио-де-Жанейро (2016) мен Токио (2020) Олимпиадаларында ел намысын қорғаған.