Алматылық «Қайрат» пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Еркін Тапалов УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда шведтің «Мьельбю» командасын 1:0 есебімен жеңгеннен кейін клубтан кететінін мәлімдеді.
Ойыннан соң Тапалов бұл жеңісті тарихи деп атап, жалпы кезеңдегі алғашқы үш ұпайға қол жеткізгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ол сондай-ақ ауа райына қарамастан қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтты.
«Бұл менің «Қайрат» сапындағы соңғы матчым болды. Аллаға шүкір, қоштасарда гол соғуға мүмкіндік туды», — деді Еркін Тапалов.
26 қараша күні Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесуде «Қайрат» «Мьельбюді» 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голды 14-минутта Еркін Тапалов соқты. Оның алматылық клубпен келісімшарты 30 қарашада аяқталады.