Фарер аралдары ұлттық құрамасы Қазақстанға қарсы матч алдындағы жаттығуға кешігіп баруға мәжбүр болды. Бұған Оман сұлтанының Қазақстанға ресми сапары кезінде Астанадағы көлік қозғалысына енгізілген шектеулер себеп болған.
Команданың көп бөлігін стадионға жеткізетін автобус жолда кептелісте қалып қойған. Салдарынан жаттығу белгіленген уақыттан кеш басталатын болды.
«Кейбір жолдар жабық, автобус жүргізушісі стадионға баратын жолды іздеп жүр. Бірақ олар мұнда мүмкіндігінше тез жетеді деп үміттенеміз», — деді Фарер аралдары құрамасының бас бапкері Эйдун Клакстейн.
Клакстейн баспасөз мәслихатына алдын ала келген. Ал команда мүшелерінің бір бөлігі көлік қозғалысына қойылған шектеулерге байланысты «Астана Аренаға» кейін жетті.
Қазақстан мен Фарер аралдары арасындағы матч 6 қазанда Астанада өтеді. Кездесу елорда уақытымен 19:00-де басталады.