Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) 2027 жылғы жастар әлем чемпионатының кестесін жариялады. Бірақ жарысқа қатысатын құрамалар тізіміне Ресей енгізілген жоқ.
Жастар әлем чемпионаты 2026 жылғы 26 желтоқсан мен 2027 жылғы 5 қаңтар аралығында Эдмонтон мен Ред-Дирде өтеді. Іріктеу кезеңінде 10 құрама екі топқа бөлінген.
A тобында Финляндия, Германия, Словакия, Швеция және АҚШ ойнайды. B тобын Канада, Чехия, Латвия, Норвегия және Швейцария құрады.
Турнир 26 желтоқсанда басталады. Алғашқы күні Канада Швейцариямен, АҚШ Германиямен, Швеция Финляндиямен, Чехия Норвегиямен кездеседі.
Ширек финалдар мен элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін өтетін матч 2 қаңтарға жоспарланған. Жартылай финалдар 4 қаңтарда, ал медаль үшін кездесулер 5 қаңтарда өтеді.
Ресей құрамасы IIHF шешіміне байланысты турнирге қатыспайды. 30 шілдеде ұйым жеке қарау қорытындысы бойынша Ресейдің 2026/27 маусымындағы жастар әлем чемпионатына жіберілмейтінін растаған еді. IIHF бұл шешімді қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықпен, қатысушылардың қорғалуымен және спорттық тұтастықты сақтау қажеттілігімен түсіндірді.