20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Санкт-Петербургте өткен халықаралық «Келешек кубогы» турнирінде Ресей құрдастарымен кездесіп, 0:7 есебімен жеңілді.
Ойын «Юбилейный» спорт кешенінің мұз айдынында өтті. Ресей құрамасы сапынан Сергей Скворцов 3- және 21-минуттарда, Алан Шайхлисламов 27-, 42- және 60-минуттарда, Борис Борин 37-минутта, Михаил Меликов 59-минутта мергендік танытты.
Осылайша, Қазақстанның жастар құрамасы бұл турнирдегі екінші матчында да жеңіліс тапты. Бұған дейін қазақстандықтар Беларуське 3:5 есебімен жол берген еді.
Ал Ресейдің U-20 құрамасы жарысты сәтті бастап, өздерінің U-18 командасын 10:3 есебімен ұтты. Турнирде Қазақстан, Ресей және Беларусьтің жастар құрамалары, сондай-ақ Ресейдің 18 жасқа дейінгі командасы бақ сынап жатыр.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 8 қарашада Ресейдің U-18 командасына қарсы өткізеді. Матчтың басталуы — Қазақстан уақытымен 15:00. Сол күні Ресейдің жастар құрамасы Беларусьтің U-20 командасымен 19:00-де кездеседі. Қазақстандық хоккейшілерді Максим Худяков жаттықтырып жүр.