Қазақстан құрамасының спорттық гимнастикадағы өкілі Ева Тациева Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетті.
Тациева жеке көпсайыста 47,866 балл жинап, жалпы есепте 21-орын алды. Соған қарамастан, ол жарыс ережесіне сай финалға жолдама алған 18 спортшының қатарына енді.
Ережеге сәйкес, финалда бір елдің екі спортшысынан артық өнер көрсете алмайды. Осы шектеу Тациеваның үздік 18 гимнасттың қатарына кіруіне мүмкіндік берді.
Іріктеу кезеңінде ең жоғары нәтижені Қытай спортшысы Се Гуйин көрсетті — 53,099 балл. Екінші орынға оның отандасы Чжун Ци (52,932), үшінші орынға Ресейден Полина Дмитриева (52,733) ие болды.