Тенерифе шабуылшысы Хесус де Мигель Испанияның екінші дивизионындағы матч кезінде алған ауыр жарақатынан қайтыс болды. 30 жастағы футболшы «ФК Андорраға» қарсы ойында басы мен кеудесінен соққы алған.
Қайғылы оқиға матчтың қосымша уақытында, есеп 2:2 болып тұрған сәтте болды. Қақпашы Хесус Ононо ұзын пасқа қарай жүгіріп шығып, допты бұғаттамақ болған кезде де Мигельмен қатты соқтығысып қалды. Төреші қақпашыға бірден қызыл қағаз көрсетіп, ойынды тоқтатты.
Де Мигельге алаңда медициналық көмек көрсетілді, кейін ол Тенерифедегі «Эстадио Элиодоро Родригес Лопестен» жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Дүйсенбі күні оның жағдайы «тұрақты, бірақ ауыр» деп сипатталған еді, алайда сейсенбі таңертең хал-ахуалы күрт нашарлап, жергілікті уақытпен 07:00-де көз жұмды.
Испанияда полиция де Мигельдің өліміне байланысты абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша тергеу бастаған. Испания заңына сәйкес, табиғи емес өлімнің кез келген түрі сот тергеуін автоматты түрде қозғайды.
«Жүрегіміз жаралы, тамағымызға тығылған өксікті жұта алмай тұрмыз, бұның шын екеніне сене алар емеспіз», — деді Тенерифе клубы. Клуб президенті Фелипе Миньямбрес ойыншының әріптестеріне мұндай оқиғамен күресу үшін кәсіби қолдау қажет болатынын айтты.
«ФК Андорра» да ресми мәлімдеме жасап, футболшының отбасына, клубына және жақындарына көңіл айтты. Қайғылы оқиғаның эмоционалдық салмағы клубтың ойыншылары мен бапкерлер құрамына да қатты әсер еткені айтылды.
Хесус де Мигель 2025 жылы Тенерифеге үш жылдық келісімшартпен қосылған. Мадридте туған шабуылшы мансабын 2015 жылы «Леганесте» бастап, Испанияның әртүрлі сегіз клубында өнер көрсетті. Ол Тенерифе сапында 29 матчта 11 гол соққан.