Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы күрестен әлем чемпионатында қазақстандық еркін күрес шебері Асыл Айтакын қола медаль үшін өткен белдесуде америкалық Маркус Блейзге жол берді.
61 килограммға дейінгі салмақта өткен кездесу 4:2 есебімен Блейздің пайдасына аяқталды. Соның нәтижесінде америкалық балуан қола медаль иеленсе, Айтакын жарысты бесінші орынмен түйіндеді.
Айтакын медаль үшін күреске дейін Қырғызстан өкілі Омурбек Асан уулуды 4:0 есебімен, Әзербайжан балуаны Нураддин Новрузовты 5:4 есебімен және Германия спортшысы Хорст Лерді 8:1 есебімен жеңген еді.
Жартылай финалда қазақстандық балуан ирандық Ахмад Масуд Мохаммаднежаджаваннан 1:3 есебімен ұтылып, қола жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алған болатын.
Ал Блейз ширек финалда дәл осы ирандық балуанға 2:3 есебімен есе жіберген. Кейін жұбаныш белдесуінде үндістандық Нихилді 9:1 есебімен ұтып, Айтакынмен кездесуге жолдама алды.
Маркус Блейз 2025 жылғы 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионы атанған. Бұған дейін ол 17 жасқа дейінгі жас санатында да әлемнің үздік балуаны болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан өз жерінде өтіп жатқан осы әлем чемпионатында Зейнеп Баянова, Исхар Курбаев, Айдос Сұлтанғали және Багдат Сабаз арқылы төрт қола медаль жеңіп алған еді. Нұрқожа Қайпанов болса, бұл додада Қазақстаннан шыққан алғашқы финалист атанды.