Будвада (Черногория) өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы финалистер саны бойынша үздік үштіктің қатарына енді.
Шешуші бәсекелерде ел намысын төрт боксшы қорғайды. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Қытаймен үшінші орынды бөлісіп тұр.
Бірінші орында Ресей құрамасы келеді. Бұл елдің он спортшысы финалда жұдырықтасады. Екінші орында — алты финалисті бар Өзбекстан.
Қазақстан сапынан Бибарыс Аширбай (70 келіге дейін), Зарина Толыбай (80 келіден жоғары), Алина Құдайгенова (57 келіге дейін) және Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) финалға шықты. Олардың бәрі жартылай финалдағы айқастарында жеңіске жетті.
U19 әлем чемпионаты 16-27 қазан аралығында World Boxing ұйымының эгидасымен өтуде. Финалдық жекпе-жектер 27 қазанда ұйымдастырылады.