«Атырау» клубының бас бапкері Самат Смақов Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы өнері туралы пікір білдіріп, ұлттық құраманың қазіргі тізіміне де тоқталды.
Смақовтың айтуынша, ол соңғы екі ойынды ғана көрген. Оның сөзінше, Қазақстан өз алаңында Фарер аралдары мен Молдова құрамаларынан ұпай алуға тиіс еді. Дегенмен бапкер ойыншылардың ішкі ахуалы мен бапкерлік штабтағы жағдайды сырттан отырып толық бағалау қиын екенін айтты.
«Нәтиже жоқ екені рас, бұл жанкүйерлерді де ашуландырады. Бірақ біз құрамамыз үшін алаңдаймыз. Қалған екі ойында, әсіресе Молдоваға сырт алаңда, кейін Словакиямен өз алаңымызда, жігіттер жанкүйерлер алдында ақталуы керек», — деді ол.
Смақов алдағы кездесулерге болжам жасай отырып, Молдовадағы ойынның қиын болатынын, ал Словакиямен өтетін матчта қарсылас мотивациясы төмендеуі мүмкін екенін атап өтті. Оның ойынша, мұндай жағдайда Қазақстан футболшыларының өз дайындығы мен жігері шешуші рөл атқарады.
Бапкер сонымен бірге Чесноков, Дастан және Кенжебектің қатарға қосылуы ойын сапасына әсер етуі мүмкін екенін, сондықтан алдағы матчтарда құрама мүлде басқа кейіпте көрінуі ықтимал екенін жеткізді.
Қазір Джон ван ’т Схип баптайтын Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының C дивизионындағы 3-топта өнер көрсетіп жүр. Төрт турдан кейін команда 2 ұпаймен 4-орында келеді: алғашқы ойында Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түсті, кейін Словакияға 1:2 және Молдоваға 1:2 есебімен есе жіберді, ал 6 қазанда Фарер аралдарымен өткен қарымта кездесуде 2:2 есебімен тең ойнады.
Топтық кезеңдегі соңғы матчтар қарашада өтеді: 13 қарашада Қазақстан Кишиневте Молдоваға қонаққа барады, 16 қарашада Астанада Словакияны қабылдайды.