Қазақстан құрамасының өкілі Айдана Кумартаева Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өткен таеквондодан әлемдік Гран-при кезеңінде қола медальға қол жеткізді.
49 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы жарысты сәтті бастап, алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетті. Ол алдымен Германия өкілі Супхарада Атеслиді, кейін Коста-Рика спортшысы Джейси Бассеттті ұтты.
Ширек финалда Кумартаева Франциядан келген Мах Тенинбой Фофанамен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін ол кемінде қола медальді қамтамасыз етті.
Жартылай финалда Айдана Кумартаева Қытай Тайбэйінің қазіргі әлем чемпионы Лю Ю-юнге қарсы шықты. Бұл белдесу 2:0 есебімен қарсыластың пайдасына аяқталып, қазақстандық таеквондошы жарысты үшінші орынмен түйіндеді.