Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаевтың (24-3) келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі болды. Бапкері Эдуард Базров оның алдағы айқасы 21 қарашада Қатарда өтетінін айтты.
Базровтың сөзінше, Алмабаевтың қарсыласы әлі нақты бекітілмеген. Бұған дейін Ройвал отбасылық жағдайына байланысты және аздаған жарақатына орай жекпе-жектен бас тартқан.
«Бізде 21 қараша деген күн бар. Өтетін жері — Қатар. Қарсылас та жақын арада белгілі болады. Ройвал отбасылық жағдайына байланысты бас тартты, оның аздаған жарақаты да бар. Сондықтан бізге басқа қарсылас берілетін сияқты. Қазір ешкімнің атын атамаймын, өйткені келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ. Бірақ бізге міндетті түрде мықты қарсылас береді», — деді бапкер.
Алмабаевтың UFC-дегі соңғы жекпе-жегі маусым айында өтіп, ол америкалық Чарльз Джонсонды (20-9) үшінші раундта сабмишнмен жеңген еді.