Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева мен словениялық Вероника Эрьявец Колумбияның Сопо қаласында өтіп жатқан WTA 125 санатындағы топырақ төсенішті турнирдің жұптық сайысында финалға шықты.
Жартылай финалда Құламбаева мен Эрьявец америкалық Рашида Макаду мен Анна Роджерспен кездесті. Екінші нөмірлі болып тіркелген фаворит жұпқа қарсы олар 6:1, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін қазақстандық-словениялық дуэт ширек финалда австралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборнды 6:2, 6:2 есебімен ұтқан болатын.
Макаду мен Роджерс жартылай финалға бельгиялық София Костулас пен америкалық Аллура Замаррипаны 1:6, 6:4, 10:5 есебімен жеңіп келген еді.
Осы нәтижеден кейін Құламбаева мен Эрьявец 2600 доллар жүлде қоры мен әрқайсысына 49 рейтингтік ұпайды қамтамасыз етті. Финал 14 қарашаға жоспарланған. Турнир жеңімпаздары жұп болып 6000 доллар және 125 ұпай алады.