UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы, ресейлік Ислам Махачев (29-1) қазақстандық Шавкат Рахмоновты (19-0) әзірге келесі қарсыластарының бірі ретінде қарастырмайтынын айтты.
35 жастағы чемпионның сөзінше, Рахмоновтың қашан қайта оралатыны белгісіз. Сондықтан оның оралуын күтіп отырудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
— Егер Шавкат 2027 жылдың соңында қайтса, оны өз қарсыластарыңыздың бірі ретінде көресіз бе, әлде бұған дейін мансабыңызды аяқтайсыз ба? — Меніңше, оның оралуын күту дұрыс емес. Оның қашан қайтатынын білмеймін. Оны UFC рейтингтен шығарып тастады, ол үздік 15-тің ішінде жоқ, қазір оны үміткерлердің бірі ретінде де қарастырып жатқан жоқ. Қазір бізде екі үміткер бар, олардың арасында уақытша чемпиондық белбеу сарапқа салынады, содан кейін келесі үміткердің кім болатыны белгілі болады. Шавкатқа тілейтінім — жарақаттарын тезірек емдеп, рейтингке қайта оралуы, — деді Махачев.
Рахмоновтың соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсанында Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде өтті. Сол кездесуде ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді: үшеуі де жекпе-жекті 48:47 есебімен бағалаған.
Алғашында Шавкат Белал Мұхаммедпен чемпиондық жекпе-жекке дайындалған еді, бірақ белбеу иесі жарақатына байланысты айқасқа шықпады. Кейін Рахмонов Гэрримен өткен кездесуді тізесінен жарақат алып жүріп өткізгенін мойындады. Кейінгі дайындық кезінде сол тізесін тағы жарақаттап, қайта ота жасауға тура келді. Бапкері Эдуард Базровтың айтуынша, оңалту сәтті өтсе, спортшы 2027 жылдың ақпанында немесе наурыз айының басында қайта оралуы мүмкін.