Әлемдік рейтингте 19-орында тұрған қазақстандық теннисші Александр Бублик топ қарсыластарды ұту үшін міндетті түрде мінсіз қалыпта болу керек деген пікірмен келіспейтінін айтты.
Оның сөзінше, кез келген теннисші жыл ішінде санаулы ғана шарықтау шегіне жетеді, ал қалған уақыттың көбі орташа немесе тіпті нашар күйде өтеді. Сол себепті дәл сондай сәттерде де нәтиже көрсете білу маңызды.
«Егер мен нақты қалай болатынын білсем, мұны жиірек жасар едім. Тіпті топ-20 немесе топ-30-дағы ойыншының өзі де жыл ішінде үш-төрт қана нағыз мықты матч өткізетін шығар. Қалғанының бәрі — орташа күй. Көбіне адам нашар жағдайда ойнайды: ұйықтамаған, тамақтанбаған, су ішпеген, бірдеңе болып қалған, жүйке әсер етеді. Дәл сол күндері нәтиже көрсету керек», — деді Бублик.
Бублик өз мансабындағы ең үлкен жеңістерінің көбі ең жақсы сезінген күндерінде емес, керісінше, ауырлау кезеңдерде келгенін де айтты. Ол әсіресе Галле-2025 турнирінде Янник Синнерді ұтқан матчты мысалға келтірді.
«Синнермен матчтан кейін корттан шығып, бүгін аса жақсы ойнаған жоқпын, бірақ жеңдім, өзімді нашар сезіндім деп айтқан едім. Ол кезде ұйқым қанбады, үйдегі отбасым ауырып жатты. Соған қарамастан бәрінен өтіп, нәтижеге қол жеткізесің», — деді ол.
Теннисші шаршау, ұйқының қанбауы, азаптайтын ауырсыну мен шағын жарақаттар спортшының үнемі серігі екенін, сондықтан ең бастысы — тоқтап қалмай, ойнауды жалғастыру екенін атап өтті.
Бублик Ресейдің спорттық азаматтығынан Қазақстанға 2016 жылдың қарашасында ауысқан. Содан бері ол халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғап келеді. Қазір оның еншісінде жекелей сында ATP турнирлерінің 9 титулы бар, соңғысын ол 2026 жылдың қаңтарында Гонконгтағы жарыста жеңіп алды.