Париж Олимпиадасының екі дүркін жүлдегері, америкалық жүзгіш Карсон Фостер Астанадағы «Барыс» клубымен бірге мұз айдынына шығып, хоккей ойнап көрді.
Фостер әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ клубының формасын киіп түскен бірнеше суретін жариялап, кәсіби хоккейшілермен бірге жаттығудан ерекше әсер алғанын жазды.
«Профессионал команда “Барыс Астана”-мен бірге хоккей ойнадым! Бұл — өмірімде жасаған ең керемет істердің бірі! Енді конькиді іліп қойып, турдың соңғы бөлігіне қайтадан назар аударатын уақыт келді!»
Америкалық спортшы Астанаға World Aquatics әлем кубогының кезеңіне қатысу үшін келген.
Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиадада Карсон Фостер эстафетада күміс медаль алып, 400 метрге кешенді жүзуден қола жүлдеге ие болған.