Irfin Promotions компаниясы қазақстандық боксшы Саматали Тольтаевтың кәсіпқой рингтегі келесі кездесуін ресми түрде жариялады. Жеңіліссіз келе жатқан отандасымыз 31 қазанда Актөбеде өтетін бокс кешінде жұдырықтасады.
Тольтаевтың қарсыласы — Панаманың өкілі, бұрын WBA нұсқасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған Хесреэль Корралес. Бұл жекпе-жекте IBF Pan-Pacific чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.
Саматали Тольтаев кәсіпқой рингтегі соңғы кездесуін шілде айында өткізіп, филиппиндік Гэри Тамайоны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген еді. Оның қоржынында қазір 8 жеңіс, 4 нокаут бар.
Корралес болса соңғы рет ақпанда шаршы алаңға шығып, мексикалық Педро Пенунури Боргароны дәл сондай шешіммен ұтқан. Панамалық боксшының еншісінде 27 жеңіс пен 8 жеңіліс, 10 нокаут бар.