Астананың «Снежные Барсы» командасы Молодежная хоккей лигасының тұрақты чемпионатындағы кезекті ойында Нижнекамскінің «Реактор» клубын сырт алаңда ірі есеппен ұтты.
«Нефтехим Аренадағы» кездесу 7:2 есебімен қазақстандық команданың пайдасына аяқталды. Жергілікті ұжым есепті Давид Романовтың 9-минутта соққан шайбасымен ашқан еді. Михаил Коленко 13-минутта таразы басын теңестірді, алайда Тимур Кол 15-минутта «Реакторды» қайта алға шығарды. Бірінші кезең 2:1 есебімен аяқталды.
Екінші жиырмаминуттықта Аристарх Киреев 32-минутта есепті теңестірді. Ал шешуші кезеңде «Снежные Барсы» қарсылас қақпасына жауапсыз бес шайба тоғытты.
Никита Дубинкин 43-минутта көзге түссе, Тимур Миндубаев 49 және 60-минуттарда дубль жасады. Илья Громов 50-минутта мергендік танытты, ал Михаил Коленко 57-минутта тағы бір шайба соғып, өзі үшін дубль рәсімдеді.
Командалардың қарымта кездесуі 10 қазанда Нижнекамскіде өтеді. Осы жеңістен кейін «Снежные Барсы» 10 ұпай жинап, МХЛ-дың Шығыс конференциясындағы Күміс дивизионында бесінші орынға көтерілді.