Сатпаев хоккей мектебінің тәрбиеленушісі, қазіргі таңда «Сібір» клубында ойнайтын Егор Коршков Қазақстан чемпионатындағы ерекше сәтті еске алды. Ол бір кездері әкесімен бірге алаңға шығып, бір матчта қарсы ойнаған.
«Ол кезде мұның қаншалықты маңызды екенін толық түсінген жоқпын. Қазір әкем үшін бұл үлкен оқиға болғанын жақсы ұғамын. Оның мақтанышы сезілді. Хоккеймен айналысатын баласы бар кез келген адам осындай матч өткізгісі келер еді», — деді Коршков.
Шабуылшының айтуынша, бір кезеңде оған Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігі де болған. Ол кезде әлем чемпионаттарында 16 жастан бастап ойнауға рұқсат берілген, ал Коршковтың жасы небәрі 15-те болған.
Алайда кейін ол Ресейге қайта оралған. Қазір, Ресей халықаралық жарыстардан шеттетілген кезде, Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионаттарына қатысу туралы ойлар да болғанын жасырмады.
«Қалай болғанда да, ондай ойлар санаңда айналады. Бірақ мен Ресейге оралып, қайтадан спорттық азаматтық алғаныма өкінбеймін. Мұнда да мен үлкен халықаралық тәжірибе жинадым», — деді ол.
Егор Коршков — сатпаевтық «Қазақмыс» клубының түлегі. Ол ересектер деңгейінде алғаш рет 2011–2012 маусымында «Барыс-2» құрамында өнер көрсетті.