Қазақстандық Бибісара Асаубаева мен өзбекстандық Жәуһәр Синдаров ойнайтын FYERS American Gambits командасы Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатқан Tech Mahindra Global Chess League 2026 турнирін сенімді бастады.
Алғашқы кездесуде FYERS American Gambits PBG Alaskan Knights командасын 10:4 есебімен жеңді. Бұл ойында Синдаров бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Анандты ұтып, сенсация жасады, ал Асаубаева Екатерина Лагномен тең түсті.
Одан кейін FYERS American Gambits жарыстың қазіргі чемпионы Triveni Continental Kings командасын 14:5 есебімен тас-талқан етті. Бұл матчта Синдаров Алиреза Фирузджамен тең ойнаса, Асаубаева Чжу Цзиньэрмен ұпай бөлісті.
Екі жеңістің арқасында FYERS American Gambits бірінші ойын күнінен кейін турнир кестесінде алға шықты. Енді команда екінші ойын күнінде Магнус Карлсен бастаған Alpine APL Pipers құрамасымен көшбасшылық үшін бақ сынайды.
Жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын командалық жарыс Бангалорда 13 қыркүйекке дейін жалғасады.