Астанада үш күнге созылатын жүзуден әлем кубогының кезеңі басталды. Жарыс Барыс Аренада өтіп, оған олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары және халықаралық додалардың жүлдегерлері қатысып жатыр.
Қазақстан бұл кезеңде өз тарихында алғаш рет әлем кубогын қабылдап отыр. Ел намысын үй жағдайындағы сайыста 22 спортшы қорғайды.
«Qazaq Aquatics» ұйымының бас хатшысы Дмитрий Баландин бұл жарысты Қазақстан үшін тарихи белес деп атап, оның елде жүзуді дамытуға серпін беретінін айтты.
«Елімізде әлем кубогын қабылдау — тарихи оқиға деуге болады. Біріншіден, бұл шетелдік қонақтарды тартады. Екіншіден, Қазақстанда жүзудің дамуына жаңа серпін береді», — деді Баландин.
Ол турнирдің жас спортшылар мен жергілікті бапкерлер үшін де пайдалы екенін атап өтті. Жарыс қарсаңында әлемдік жұлдыздар балаларға арналған шеберлік сабағын өткізіп, жанкүйерлермен кездесті.
Қазақстан құрамасының жүзушісі Әділбек Мүсіннің айтуынша, өз елінде әлемнің мықтыларымен бәсекеге түсу әрі үлкен сынақ, әрі мотивация. Ол негізгі қарсыластары ретінде Қытайдың Чэнь Цзюньэрі мен Ресейдің Егор Корневін атады.
«Біз барынша жақсы нәтиже көрсетуге, арақашықтықты қысқартуға және туған жұрттың алдында Қазақстанды абыроймен таныстыруға тырысамыз», — деді Мүсін.
Астанадағы турнир — Әзербайжандағы Баку және Өзбекстандағы Ташкент кезеңдерінен кейінгі Silk Road Tour сериясының қорытынды бөлігі. Жарыс 25 метрлік бассейнде өтеді және World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 додасы 17 қазанда аяқталады.