Қазақстан құрамасының шабуылшысы Ислам Чесноков костанайлық «Тобылдан» ресейлік «Крылья Советов» клубына ауысуға жақындап қалды. Бұл туралы ресейлік футбол инсайдері әрі журналист Иван Карпов хабарлады.
Дереккөздің айтуынша, 26 жастағы қазақстандық футболшы самаралық клубқа алдымен жалдау шартымен қосылады. Келісімде Чесноковты 250 мың еуроға сатып алудың міндетті опциясы қарастырылған.
Осы шарттар орындалған жағдайда, қазақстандық футболшы кейіннен «Крылья Советов» клубының толыққанды ойыншысына айналады.
Ислам Чесноков қазіргі уақытта «Тобыл» құрамында ойнап, Қазақстан ұлттық құрамасына тұрақты түрде шақырылып жүр. Соңғы маусымдарда шабуылшы вингер позициясында өнер көрсетіп, елдегі көзге түскен футболшылардың біріне айналды. Шотландиялық «Хартстан» оралғаннан кейін ол «Тобыл» құрамында он матч өткізіп, бір гол соққан болатын.