UFC баспасөз қызметі қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы Дияр Нұрғожайдың (13-2) UFC Fight Night 294 турниріндегі айқын жеңісінің видеосын жариялады. Жекпе-жек Катар астанасы Дохада өтті.
Америкалық промоушеннің ресми Instagram парақшасында Нұрғожайдың қарсыласын тоқтатқан сәті көрсетілді. Жарияланымда: «Дияр Нұрғожай Катардағы UFC турнирінде екінші раундтағы техникалық нокаут арқылы жеңіс сериясын үш жекпе-жекке дейін ұзартты!» деп жазылды.
Алдын ала кард аясында өткен кездесуде 29 жастағы қазақстандық спортшы АҚШ өкілі Алик Лоренцпен (8-3) жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек Лоренцтің UFC-дегі дебюті болды.
Екінші раундта Нұрғожай қарсыласын дәл тиген жоғары тебумен есеңгіретіп, артынан бірнеше соққы жасады. Төреші айқасты тоқтатып, қазақстандық спортшының техникалық нокаутпен жеңгенін тіркеді. Осылайша, Нұрғожай кәсіби мансабындағы 13-жеңісіне жетіп, UFC-дегі көрсеткішін 3-2-ге жеткізді.