Астаналық «Барыстың» қазақстандық шабуылшысы Семён Симонов ҚХЛ-дің 23 жасқа дейінгі үздік ойыншылары рейтингінде қазан айының қорытындысы бойынша үшінші орынға көтерілді.
Лига таратқан мәліметке сәйкес, Симонов қазан айында бірнеше маңызды шайба соқты. Оның 3 голының екеуі жеңісті болып тіркелді. Ол Нижнекамскідегі кездесуде овертаймда мергендік танытса, Минскідегі ойында жалғыз шайбаны өзі соқты. Тағы бір голы жеңіс әкелмесе де, «Адмиралмен» сырт алаңдағы матчты овертаймға алып шығуға көмектесті.
Шабуылшы қазан айында серіктестеріне 3 нәтижелі пас берді. Ай қорытындысында оның пайдалы әрекет көрсеткіші «+6» болды. Сонымен бірге Симонов 23 соққы жасаған, 10 мәрте силовой тәсіл қолданған, 6 рет шайбаны бөгеген, 4 рет іріктеп алған және 1 рет қарсыластың пасын қиып кеткен.
Семён Симонов қазір астаналық клубтағы ең нәтижелі қазақстандық ойыншы саналып отыр. Рейтингте одан жоғары Александр Сиряцкий («Металлург») және Матвей Поляков («Торпедо») орналасты. Бұған дейін Симонов қыркүйек айында бұл тізімде екінші орын алған еді.