Қазақстан құрамасының жүзгіші Анатолий Руденко Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында тағы бір финалдық жарысқа қатысты.
Бұл жолы ол 100 метрге брасс әдісімен жүзуден шешуші сында бақ сынап, мәреге 1 минут 3,33 секунд уақытпен жетті. Нәтижесінде қазақстандық спортшы алтыншы орынға тұрақтады.
Жарыста Қытай спортшысы Се Ичэнь жеңіске жетті — оның уақыты 1 минут 1,03 секунд. Күміс медаль жапониялық Иори Миядзакиге бұйырды, ол қашықтықты 1:01.30 уақытта жүзіп өтті.
Үздік үштікті Литва өкілі Домаc Вилимас түйіндеді. Оның нәтижесі — 1:01.75.
Айта кетейік, бұған дейін Анатолий Руденко 200 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен финалда да алтыншы орын алған еді.