Қазақстандық ММА шебері Бахтияр Несіпбек Тбилисиде өткен RKENA және PFL бірлескен турнирінде америкалық Fury FC чемпионы Абдул Камараны нокаутпен ұтты.
Несіпбек бұл жекпе-жекке бастапқыда басқа спортшының орнына шықты. Бұған дейін айқасуы тиіс болған Бекзат Алмахан денсаулығына байланысты турнирге қатыса алмай, Бахтияр шақыртуды жарысқа екі күн қалғанда қабылдаған.
Несіпбектің қарсыласы — Fury FC ұйымының жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы Абдул Камара болды. Қазақстандық файтер шешуші соққының арқасында мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Жекпе-жекті октагонның жанынан UFC-дің бұрынғы чемпионы Илия Топурия да бақылап отырды. Ол турнирге құрметті қонақ ретінде келген.
Несіпбектің соңғы кездесуінің бірі 2025 жылы Алматыда өткен OCTAGON 70 турнирінде болды. Ол кезде қазақстандық спортшы Қырғызстан өкілі Елдан Сакеевпен кездесіп, бірінші раундта сабмишн арқылы жеңіске жеткен еді.