weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
.
Мәзір
Серіктестер
Бүгін / SportRoom / Жаңалықтар 14
Поделиться: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Қазақстан Азиада-2026-нің 11-күнінде сегіз медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан жазғы Азиада-2026-нің 11-күнін сегіз медальмен аяқтады. Ұлттық команда қоржынына екі күміс және алты қола түсті.

Қазақстан Азиада-2026-нің 11-күнінде сегіз медаль жеңіп алды Қазақстан Азиада-2026-нің 11-күнінде сегіз медаль жеңіп алды
Sports.kz

Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан жазғы Азиада-2026-нің 11-сайыс күні Қазақстан құрамасы үшін табысты болды. Қоржынға екі күміс және алты қола медаль қосылды.

Күміс жүлделерді дзюдошылар Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта Сметов финалда жапон балуаны Хаято Кондодан екі «юко» алып ұтылды. Ал 48 келіге дейінгі салмақта Әбужақынова шешуші белдесуде Жапония өкілі Мицуки Кондоға иппонмен есе жіберді.

Дзюдодағы тағы бір қазақстандық спортшы Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақта жүлдеге қол жеткізе алмады. Қола үшін өткен кездесуде ол қытайлық Сюэ Цзыянға қосымша уақытта «юко» ұпайымен жол берді.

Бокста Қазақстан құрамасы үш қола медаль еншіледі. Алуа Балқыбекова жартылай финалда Вьетнам спортшысы Нгуен Тхи Тамға төрешілердің бірауызды шешімімен 0:5 есебімен ұтылды. Наталья Богданова 75 келіге дейінгі салмақта үндістандық Ловлина Боргохайннан 2:3 есебімен жеңілді. Махмұд Сабырхан да 55 келіге дейінгі салмақта филиппиндік Карло Пааламға қарсы жекпе-жекте дәл осындай 2:3 есебімен тоқтады.

Төрехан Сабырхан болса жарысты жалғастырып, финалға жолдама алды. 70 келіге дейінгі салмақта ол өзбекстандық Шавкатжон Болтаевты 5:0 есебімен айқын жеңді.

Қазақстан құрамасы ескек слаломнан да екі қола медаль алды. Александр Коробов ерлер арасында бір орындық байдаркада 94,48 секунд нәтижесімен үшінші орынға ие болды. Бұл сайыста қытайлық Ху Чжаошань 91,41 секундпен жеңіске жетсе, жапондық Юки Танака 92,87 секундпен екінші орын алды. Анастасия Ананьева әйелдер арасындағы бір орындық каноэде 127,32 секунд көрсетіп, қола медаль иеленді.

Грек-рим күресінен Мейржан Шерханбет те қола жүлдегер атанды. 67 келіге дейінгі салмақта ол үшінші орын үшін белдесуде моңғолиялық Ганбаяр Намсрайды 11:0 есебімен ойсырата ұтты. Шерханбет бұған дейін Ханчжоудағы Азиадада дәл осы салмақта күміс медаль алған еді.

Сондай-ақ қазақстандық велошабандоздар тректегі командалық қудалау жарысында жүлдеден сәл тыс қалды. Қола үшін өткен жарыста олар 3:58,718 уақыт көрсетіп, 3:55,933 нәтижеге қол жеткізген Оңтүстік Корея құрамасына жол берді.

Теннисте Юлия Путинцева мен Анна Данилина әйелдер арасындағы жұптық сайыстың ширек финалына өтті. Олар 1/8 финалда Таиланд өкілдері Аунчиса Чанта мен Пеангтарн Плипычты 5:7, 6:3, 10:6 есебімен жеңді. Кездесу 1 сағат 31 минутқа созылды.

Осылайша, 11-күн қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы медаль саны 56-ға жетті: 9 алтын, 16 күміс және 31 қола. Ел құрамасы медаль кестесінде сегізінші орыннан тоғызыншы орынға түсті.

.

Көп оқылды:

.
.