Қазақстан ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев UFC-дегі чемпиондыққа ең жақын қазақстандық спортшыларды атады. Оның пікірінше, қазір бұл жолда алдымен Шавкат Рахмонов тұр.
Мекеевтің айтуынша, жақында Шавкатпен сөйлескен. Сонда спортшы биыл емделіп, келесі жылы октагонға қайта оралуды жоспарлап отырғанын айтқан.
«Қазір бәрінен бұрын Шавкат жақын, мұны атап өту керек. Жақында онымен сөйлестім. “Шавкат, сен мұнымен тоқтайсың ба?” деп қалжыңдап те сұрадым. Шавкат: “Сағындық аға, жоқ, тоқтамаймын. Биыл емделемін, келесі жылы, құдай қаласа, шығамын” деді».
Федерация басшысы Рахмонов жарақатынан айыққан соң титул үшін таласқа қайта қосылатынына сенім білдірді. Ол сондай-ақ Асу Алмабаевты да ерекше атап өтті.
«Шығады дейді. Шығады, мен оған сенемін. Шавкат міндетті түрде баруы керек. Одан кейін біздің Асу да келеді. Асу да біртіндеп өсіп келеді. UFC-дегі тәжірибесі турнир өткен сайын артып жатыр. Менің ойымша, егер Асу осы бір-екі жекпе-жегін жақсы өткізсе, ол да UFC белбеуіне үміткер болады».
Мекеевтің сөзінше, екеуінің де болашағы өз қолында. Тек жарақаттан толық айығып, алдағы кездесулерде мүмкіндігін дұрыс пайдалана білсе болғаны.
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 8 желтоқсанда UFC 310 турнирінде өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын. Ол 2026 жылғы ақпанда UFC-дің жартылай орта салмақ рейтингінен ресми түрде шықты. Спортшы тізесіндегі ауыр әрі қайталанған жарақатына байланысты қатарынан екі ота жасатып, ұзақ оңалту кезеңінен өтіп жатыр.