Грузия астанасы Тбилисиде өтіп жатқан көру қабілеті шектеулі спортшылар арасындағы пара дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы бір ірі табысқа жетті. Альфия Тлеккабыл 52 келіге дейінгі салмақта, J1 класында алтын медаль жеңіп алды.
Финалдық белдесуде қазақстандық спортшы Бразилия өкілі Де Андрадемен кездесіп, иппонмен басым түсті. Осы нәтижемен Тлеккабыл әлем чемпионы атанды.
Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына тағы екі жүлде түсті. Асылан Нурдаулетов 70 келіге дейінгі салмақта, J1 класында финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді.
Ал Ибрагим Нұрмаханұлы 70 келіге дейінгі салмақта, J2 класында үшінші орын алып, қола медальға қол жеткізді.
Осылайша, Тбилисидегі әлем чемпионатының алғашқы күнінен кейін Қазақстан құрамасының еншісінде бір алтын, бір күміс және бір қола медаль бар. Жарыс 25-27 қыркүйек аралығында өтіп жатыр, оған 44 елден 290 спортшы қатысуда.