УЕФА мен КОНКАКАФ ФИФА президенті Джанни Инфантиноға хат жолдап, ұйымның қолма-қол қаражаты есебінен 211 мүше қауымдастықтың әрқайсысына кемінде 10 млн доллар бөлуді талап етті.
Бұл қадам ФИФА басшылығы ұсынған, бірақ кейін тоқтатылған жеке инвестициялық жобаға жауап ретінде жасалды. Даулы бастама Fifa Forward Enterprise деп аталып, барлық жарыстардың, соның ішінде әлем чемпионаттарының коммерциялық және билет сату құқықтарын басқаратын жаңа компания құруды көздеген. Жобаның 21 пайызы инвестициялық компанияға сатылуы тиіс еді.
УЕФА президенті Александер Чеферин мен КОНКАКАФ басшысы Виктор Монтальяни қол қойған хатта ФИФА-ның 2023-26 жылдар аралығын шамамен 6 млрд доллар резервпен аяқтауы мүмкін екені, ал бұл сома 2030 жылғы ерлер арасындағы әлем чемпионатына дейінгі қажеттіліктен әлдеқайда көп екені айтылған.
Хатта 2027-30 циклінде әр мүше қауымдастыққа 10 млн доллардан бөлу ұсынылып, ол қаржы инфрақұрылым мен футболды дамытуға бағытталуы тиіс екені көрсетілген. Мұндай бір реттік шешімнің құны 2,11 млрд доллар болады және ол сол циклдегі әдеттегі қаржыландырудан бөлек берілуі керек.
Құжатта ФИФА-ның жария қаржылық есептері мен бюджеттеріне жасалған талдау жеке инвестициялық жоба «көбірек ресурс әкелу үшін қажет» деген тұжырымға күмән келтіретіні жазылған. Сондай-ақ нақты жағдай белгілі болған соң, ФИФА кеңесі резервтің бір бөлігін бөлу мүмкіндігін қайта қарауы тиіс екені айтылған.
«ФИФА қазір миллиардтаған доллар көлемінде жинақталған резерв ұстап отыр. Бұл қаражат футболға тиесілі және ойын мен оның 211 мүше қауымдастығына қызмет етуі керек»
Басқа конфедерациялардың президенттеріне де осындай хат жіберіліп, олардан ұсынысты қолдау сұралған.
Бұл мәлімдеме Англия футбол қауымдастығының төрайымы Дебби Хьюитттің Инфантино мен ФИФА бас хатшысы Маттиас Графстрёмге жолдаған хатынан бір күн кейін жарияланды. Хьюитт тоқтатылған FFE жоспарына қатысты барлық құжаттарды ашық етуді талап еткен еді.