Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші турда Словенияны ірі есеппен ұтты.
Кездесу 3,5:0,5 есебімен аяқталды. Бірінші тақтада Бибісара Асаубаева ақ фигурамен Лаура Унукпен тең ойнады.
Қалған партияларда Алуа Нұрман қара фигурамен Зала Урхты жеңсе, Эльназ Қалиахмет Надия Шпанконы ұтты. Зарина Нұрғалиева да Аня Беберден басым түсті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Олимпиададағы алғашқы үш кездесуінің бәрінде жеңіске жетті. Бұған дейін қазақстандық шахматшылар Ботсвананы 4:0 есебімен ұтып, Босния және Герцеговинаны 3:1 есебімен жеңген еді.
46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы Самарқандта 15 қыркүйекте салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Ал алғашқы партиялар 16 қыркүйекте ойналды.
Турнир екі аптаға созылып, 27 қыркүйекте, соңғы 11-тур мен жабылу рәсімі өтетін күні мәресіне жетеді.