Селтик клубы «Шотландия тарихындағы ең үздік қорғаушы» деп сипаттаған Дэнни Макгрейнге Альцгеймер ауруы диагнозы қойылғаны белгілі болды.
Бұл ақпаратты оның отбасы растады. Жары Дэрейн Макгрейн клубтың ресми сайтына берген пікірінде 76 жастағы бұрынғы футболшының не себепті соңғы жылдары Селтик пен жанкүйерлер арасындағы іс-шараларға сирек қатыса бастағанын түсіндіруді жөн көргендерін айтты.
«Дэнниге бұл диагноз біраз уақыт бұрын қойылған. Уақыт өте келе біз мұны ашық әрі анық айту дұрыс деп шештік», — деді ол.
Оның айтуынша, Дэнни әрдайым жанкүйерлерге көмектескенді ұнатқан: ауруханаға барып, қайырымдылық шараларына араласып, қолдау сөздерін жолдап отырған. Алайда соңғы уақытта мұндай белсенділік оған қиындай түскен.
Селтик мәлімдемесінде Макгрейннің жылдар бойы клубпен байланысын үзбегені, түрлі бапкерлік қызметтерде жұмыс істеп, жастар бағдарламасына атсалысқаны және Селтик Парктағы қонақжай қызметке қатысқаны атап өтілді. Клуб оның отбасымен бірге бұл жағдайды жанкүйерлерге түсіндіруді жөн санап, Дэннидің Селтик қауымының сүйіспеншілігін әрі қарай да сезінуін қалағанын жеткізді.
Клуб хабарлауынша, диагнозға қарамастан Макгрейннің көңіл күйі жақсы, ол жақындарымен уақыт өткізіп, футболды бақылап жүр және жүрегіне жақын клубымен байланысын сақтап отыр.
Футболшы ретінде Макгрейн Селтик сапында 1970 бен 1987 жылдар аралығында 663 матч өткізді. Осы кезеңде ол жеті рет Шотландия чемпионатында, бес рет Шотландия кубогында және екі рет Шотландия лигасы кубогында топ жарды. Мансабын аяқтар тұста Хэмилтон Академикал сапында бір маусым ойнап, 1988 жылы футболшы ретіндегі жолын тәмамдады. Бұдан кейін ол Арброат клубын екі маусым баптады.