Күрес

Айдана Кумартаева Оңтүстік Кореядағы Гран-при кезеңінде қола медаль алды

Қазақстандық таеквондошы Айдана Кумартаева Муджуда өткен әлемдік Гран-при кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол 49 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді.

Қазақстан құрамасының өкілі Айдана Кумартаева Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өткен таеквондодан әлемдік Гран-при кезеңінде қола медальға қол жеткізді.

49 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы жарысты сәтті бастап, алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетті. Ол алдымен Германия өкілі Супхарада Атеслиді, кейін Коста-Рика спортшысы Джейси Бассеттті ұтты.

Ширек финалда Кумартаева Франциядан келген Мах Тенинбой Фофанамен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін ол кемінде қола медальді қамтамасыз етті.

Жартылай финалда Айдана Кумартаева Қытай Тайбэйінің қазіргі әлем чемпионы Лю Ю-юнге қарсы шықты. Бұл белдесу 2:0 есебімен қарсыластың пайдасына аяқталып, қазақстандық таеквондошы жарысты үшінші орынмен түйіндеді.