Футбол

«Оқжетпес» «Ордабасыны» ұтқаннан кейін алдағы мақсатын айтты

Көкшетаулық «Оқжетпес» қорғаушысы Борис Лотоцкий КПЛ-дің 25-туры аясында «Ордабасыдан» 2:1 есебімен басым түскеннен кейін әсерімен бөлісті. Ол команданың мінезін және жанкүйерлердің қолдауын ерекше атап өтті.

Көкшетаулық «Оқжетпес» қорғаушысы Борис Лотоцкий Қазақстан Премьер-Лигасының 25-турында шымкенттік «Ордабасыдан» 2:1 есебімен басым түскеннен кейін ойын жайлы пікірін айтты.

Украиналық футболшы команданың жеңіске деген жігерін ерекше атап өтіп, алаңдағы атмосфераның керемет болғанын жеткізді. Оның сөзінше, ұжым матчты өз пайдасына бұрып, үш ұпайды жұлып алуға бар күшін салған.

«Эмоциялар керемет. Бәрін өздеріңіз көрдіңіздер. Біз тек сеніп қана қойған жоқпыз, ойынды өзгертіп, үш ұпай алуға ұмтылдық. Атмосфера тамаша болды, осындай қолдау көрсеткен жанкүйерлерімізге алғыс айтамын. Біз әр матч сайын жақсара түскіміз келеді, ал бұл тек осындай жанкүйерлермен ғана мүмкін», — деді Лотоцкий.

Қорғаушы пенальти алдындағы қимыл алдын ала дайындалғанын да растады. Оның айтуынша, бұл — үйде пысықталған комбинация, ал орындалуы Еуропаның үздік клубтарының тәсілін еске салған.

«Пенальтидегі сәт пе? Бұл — үйдегі дайындық. Сіздер де ПСЖ-ның пенальтиді қалай орындайтынын көрген боларсыздар. Бәрі біз ойлағандай шыққанына шүкір», — деді ол.

Сондай-ақ Лотоцкий құрамдағы кадрлық өзгерістерге тоқталып, Омиртаевтың жоқтығы сезілгенімен, оның орнына шыққан ойыншылар өз міндетін толық орындағанын айтты. Оның пікірінше, командада әлсіз немесе мықты деген бөлініс жоқ, барлығы бірдей жанын салып ойнайды.

Еске салайық, матчта «Ордабасы» Бьорн Йонсеннің голынан кейін есеп ашқан еді. Алайда «Оқжетпес» Нургайни Бурибаевтың пенальтиден дәл соққысы арқылы таразы басын теңестіріп, Леонарду Де Ассунсаудың голымен жеңісті жұлып алды.