Футбол

ФИФА Аргентина құрамасының 10-нөмірін Месси үшін мәңгі бұғаттатпайды

ФИФА Аргентина футбол қауымдастығына Лионель Месси мансабын аяқтағаннан кейін ұлттық құраманың 10-нөмірін айналымнан толық алып тастауға жол бермейді. Ұйым ережесі ресми ойындарда нөмірлерді белгілі бір тәртіппен қолдануды талап етеді.

ФИФА Аргентина футбол қауымдастығына Лионель Месси кәсіби мансабын аяқтаған соң ұлттық құраманың 10-нөмірін біржола пайдаланудан шығаруға мүмкіндік бермейді.

Мессидің халықаралық деңгейдегі мансабын тоқтататыны туралы хабар Аргентинада үлкен резонанс туғызып, жанкүйерлер арасында оның нөмірін мәңгілікке бекітіп қою туралы ұсыныстар көбейген.

Алайда ФИФА ережесіне сай, ұлттық құрамалар ресми турнирлерде ойыншыларға нөмірді рет-ретімен беруі тиіс. Сондықтан Аргентина 10-нөмірді стадионның төріне іліп қойып, оны мүлде қолданбай тастай алмайды.

Аргентина футбол қауымдастығының президенті Клаудио Тапиа бұған дейін Мессидің жейдесін айналымнан алып тастау жоспары барын айтқан болатын. Ол 2024 жылы Месси кәсіби мансабын аяқтағанда 10-нөмірді ешкім кимейтінін мәлімдеген.

Дегенмен бұл талап тек ФИФА өткізетін ресми жарыстарға қатысты. Жолдастық кездесулерде Аргентина 10-нөмірді Месси үшін бос қалдыруына болады.

Месси Аргентина құрамасындағы халықаралық мансабын 31 тамызда аяқтағанын ресми жариялады. Ол ұлттық құрама сапында 21 жыл ойнап, 207 матч өткізіп, 125 гол соқты.

Сондай-ақ Месси Аргентинаны 2022 жылғы Катардағы әлем чемпионатында жеңіске жеткізіп, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын, 2022 жылғы Финалиссима мен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы алтын медальды ұтты. Ол 2014 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаттарында турнирдің үздік ойыншысы атанған.