Жаңалықтар

Қазақстанның шосседегі велоспорт құрамасы Азия ойындарына толық жасақталды

Қазақстанның шосседегі велоспорт ұлттық құрамасының бас бапкері Димитрий Муравьев Азия ойындарына қатысатын ерлер құрамын жариялады. Команда сапында Алексей Луценко, Евгений Федоров және Николя Винокуров бар.

Қазақстанның шосседегі велоспорт ұлттық құрамасының бас бапкері Димитрий Муравьев алдағы Азия ойындарына баратын ерлер құрамын бекітті.

Құрама сапына Алексей Луценко, Евгений Федоров және Николя Винокуров енді. Үшеуі де ел намысын басты құрлықтық додада қорғайды.

Алексей Луценко мен Евгений Федоров Азия ойындарында бұған дейін де бақ сынаған. Олар Ханчжоу-2022 ойындарының топтық жарысында Қазақстанға алтын және күміс медаль әкелген еді.

Алдағы жарыста Алексей Луценко жекелей уақытқа жарысқа шығады. Сонымен бірге үш спортшы да 160 шақырымдық топтық жарысқа қатысып, медаль үшін таласады.

Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.