Жаңалықтар

Қазақстан соккадан әлем чемпионатын Иракты 13:1 есебімен бастады

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы турында Иракты ойсырата жеңді. Матчта Азамат Сейфуллин покер жасап, ел құрамасы 13 гол соқты.

Қазақстанның сокка құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын Германияның Эссен қаласында өткізіп, Иракты 13:1 есебімен тас-талқан етті.

Кездесудің басты қаһарманы Азамат Сейфуллин болды. Ол төрт гол соғып, покер авторы атанды. Анарбек Мелисбек пен Ержан Жарлығағанов екі-екіден мергендік танытты.

Сондай-ақ Галым Райханов, Турехан Досов, Александр Сергейчук, Диас Егінжанов және Олжас Тайбасаров та гол соқты.

Қазақстан құрамасы турнирге Еуропаның қазіргі вице-чемпионы әрі әлемдік рейтинг көшбасшысы ретінде келді. Топтық кезеңдегі келесі ойынын команда 30 тамыз күні Түркияға қарсы өткізеді.

H тобында Қазақстанмен бірге Ирак, Түркия, Бельгия және Гаити құрамалары өнер көрсетіп жатыр. Осы топтағы Түркия мен Бельгия арасындағы матч 2:2 есебімен тең аяқталды.