Хоккейден Қазақстан кубогының финалында қарағандылық «Сарыарқа» мен өскемендік «Торпедо» кездесті.
Шешуші ойын Қарағандыда өтіп, алаң иелері матчтың үшінші минутында-ақ Александр Борисевичтің голымен есеп ашты. Алайда «Торпедо» 11-минутта Степан Рифельдің соққысы арқылы таразы басын теңестіріп, бес минуттан соң Эрик Алдабергеновтің шайбасы арқылы алға шықты.
Екінші кезеңде Никита Колобов азшылықта гол соғып, қонақтардың басымдығын ұлғайтты. Үшінші кезеңнің басында Диас Гусейнов екі минуттың ішінде дубль жасады. Оған Кирилл Пономарёв «Сарыарқаның» екінші шайбасымен жауап бергенімен, кейін Дмитрий Гренц көпшілікте көзге түсіп, Колобов та дубль авторы атанды. Жетінші шайбадан кейін Павел Жирнов өскемендіктердің есебін тағы көбейтті.
Нәтижесінде «Торпедо» 8:2 есебімен ірі жеңіске жетіп, Қазақстан кубогын қатарынан екінші рет ұтып алды. Айта кетерлігі, өткен жылғы финалда да осы екі команда кездесіп, онда өскемендік клуб 4:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.