Күрес

Нұрасыл Асамбек жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль алды

Братиславада өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Нұрасыл Асамбек жүлдегерлер қатарына енді. Қазақстандық балуан қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық Улугбек Рашидовтан басым түсті.

Қазақстан құрамасының еркін күрес шебері Нұрасыл Асамбек Братиславада (Словакия) өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль иеленді.

57 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде Асамбек Өзбекстан өкілі Улугбек Рашидовты 13:6 есебімен жеңіп, әлемдік додада жүлдегер атанды.

Нұрасыл ширек финалда АҚШ балуаны Айзая Кортеске 0:6 есебімен есе жіберген еді. Алайда жүлде жолындағы мүмкіндік сақталып, ол жұбаныш белдесуінде Қытай спортшысы Чэнтао Ванды 10:5 есебімен ұтты.

Осылайша, қазақстандық балуан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль салды.

Айта кетейік, бұған дейін Бекасыл Асамбек еркін күрестен 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль алған болатын. Ал Казыбек Калмагамбетов грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды.