Бокс

Екі дүркін әлем чемпионы Золани Тете үйінің жанында қаза тапты

Оңтүстік Африкада бұрынғы әлем чемпионы Золани Тете оққа ұшып, көз жұмды. Қарулы шабуыл кезінде онымен бірге көлікте отырған 27 жастағы әйел жарақат алып, ауруханада жатыр.

Екі дүркін әлем чемпионы Золани Тете Оңтүстік Африкадағы үйінің алдында оққа ұшып, қаза тапты.

38 жастағы былғары қолғап шебері жұма күні Шығыс Кейптегі Мдантсанеде жасалған тосын шабуыл кезінде көз жұмған. Құзырлы органдардың мәліметінше, Тете көлігінің ішінде үй қақпасының ашылуын күтіп отырған сәтте, бетперде киген екі қарулы күдікті екінші көліктен шығып, оған және 27 жастағы әйел жолаушыға «бірнеше рет» оқ атқан. Әйел адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Оңтүстік Африка спорт, өнер және мәдениет министрі Гейтон Маккензи:

«Оңтүстік Африка тарихындағы ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірін жоғалтты»
деді.

Шабуыл жасаған екі күдікті оқиға орнынан бой тасалаған. Қазір бұл іске қатысты ауқымды тергеу басталды.

Тете 2017 жылдан 2019 жылға дейін WBO нұсқасы бойынша аса жеңіл салмақтағы әлем чемпионы болды. Бұған дейін ол 2014 жылы IBF тұжырымы бойынша кіші жеңіл салмақтағы әлемдік белбеуді иеленген.

Ол 2015 жылы Ливерпульден шыққан Пол Батлерді жеңген, сондай-ақ Ұлыбританияда өткізген сегіз жекпе-жектің бірінде айқын басымдық танытты. Тете 2017 жылы Сибонисо Гоньямен айқасын 11 секундтың ішінде аяқтап, титулдық жекпе-жектегі ең жылдам нокаут үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Оның соңғы кездесуі 2022 жылдың шілдесінде Лондонда өткен еді. Сол жекпе-жекте ол британиялық Джейсон Каннингемді нокаутпен жеңді, алайда кейіннен допинг сынағынан өте алмағандықтан, нәтиже есептелмей қалды. Тете анаболикалық стероид — станозололға оң нәтиже көрсетіп, Ұлыбританияның допингке қарсы агенттігінен төрт жылға шеттетілген болатын.

Менеджері Мла Тенгимфене оның 29 қарашада рингке қайта оралуға дайындалып жүргенін растады. Тете мансабын жандандыруға ниетті болып жүрген тұста, оның қазасы жайлы хабар жетті.

Жапониялық Наоя Иноуэ Тетені «тамаша боксшы» деп атап, оның рухына тыныштық тіледі. Ал Джон Риел Казимеро Тетенің қазасына қатты күйзелгенін айтып, онымен рингте талай рет жүздескенін, бір-бірін барынша шыңдағанын жеткізді.