Братиславада (Словакия) өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек күміс медаль жеңіп алды.
61 келіге дейінгі салмақта өткен финалда қазақстандық балуан АҚШ өкілі Аарон Сайделмен күш сынасты. Шешуші белдесу 7:0 есебімен америкалық спортшының пайдасына аяқталды.
Асамбек жарысты сәтті бастап, бірінші айналымда Қытай балуаны Анчао Луды 10:0 есебімен ұтты. Кейін 1/8 финалда украиналық Артем Тиснохузды дәл осындай есеппен жеңді, ал ширек финалда Ресей өкілі Зелимхан Чаниевке де мүмкіндік берген жоқ — 10:0.
Жартылай финалда қазақ балуаны жапониялық Ицуки Йонашироны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Финалға дейін ол төрт белдесуде 33 ұпай жинап, қарсыластарына небәрі бір ұпай ғана берді.
Бекасыл Асамбек бұған дейін 2026 жылғы 20 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанған, сондай-ақ 2025 жылғы 17 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның грек-рим күресі өкілі Қазыбек Қалмамбетов те жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген еді.