Үлкен теннис

Әлемнің бірінші ракеткасы US Open-2026 турнирін өткізбейді

Италиялық теннисші Янник Синнер оң тізесіндегі жарақатқа байланысты АҚШ ашық чемпионатынан бас тартты. Ол қалпына келу үшін қосымша уақыт қажет екенін айтты.

Әлемдік рейтингтің көшбасшысы, италиялық теннисші Янник Синнер 2026 жылғы US Open турниріне қатыспайтынын мәлімдеді. Бұған оның оң тізесіндегі жарақаты себеп болды.

Синнердің айтуынша, ол командасы мен медициналық штабпен бірге бар мүмкіндікті пайдаланғанымен, Нью-Йорктегі жарысқа толық дайын болу үшін уақыт жетпеген. Теннисші соңғы күндері Монте-Карлода кортқа қайта шығып, қалпына келу барысын тексергеннен кейін осындай шешім қабылданғанын айтты.

«Командаммен және медициналық штабпен тынымсыз жұмыс істегенімізге қарамастан, биыл US Open-де өнер көрсете алмайтыным туралы ауыр шешім қабылдауға тура келді. Соңғы бірнеше күнде біз Монте-Карлода корттағы жаттығуларға қайта оралдық және оң тіземнің қалпына келуі үшін маған көбірек уақыт қажет екенін түсіндік», — деді италиялық теннисші.

Оң тізедегі жарақатына байланысты Синнер бұған дейін Торонто мен Цинциннатидегі турнирлерден де тыс қалған еді. Оның соңғы жарысы Уимблдон болды, онда ол «Үлкен дулыға» додасындағы бесінші титулын жеңіп алған.

2026 маусымында Синнер 47 матчтың 44-інде жеңіске жетіп, алты кубок иеленді. Ол US Open турнирін 2024 жылы ұтқан, ал 2025 жылы финалға дейін жеткен.

US Open-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры рекордтық 108 миллион долларды құрайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында чемпиондар 5,5 миллион доллардан алады, ал алғашқы айналымға қатысушыларға 140 мың доллар төленеді. Негізгі жарыс Нью-Йоркте 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді.

Синнер шет қалғаннан кейін ерлер сеткасындағы ең жоғары рейтингті қатысушы — қазіргі чемпион Карлос Алькарас болады.