Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA рейтингінде алғаш рет көш бастауға өте жақын тұр. Аринa Соболенко Цинциннатидегі жарыстың төртінші айналымында жеңілгеннен кейін, жағдай түбегейлі өзгерді.
Қазір Рыбакина әлемдік рейтингте екінші орында, ал Соболенко бірінші орнын сақтап келеді. Алайда Цинциннати турнирінде финалға шығу қазақстандық теннисшіге рейтингтің ең биік сатысын алдын ала қамтамасыз етеді.
Есептеулерге сүйенсек, Рыбакина Цинциннатиде финалға жетсе, WTA тарихындағы әлемнің №1 ракеткасы атанған 30-шы ойыншы болады. Егер ол бұл мүмкіндікті дәл қазір пайдалана алмаса, бірінші орынға шығу ықтималдығы Нью-Йоркте өтетін АҚШ ашық чемпионатында сақталады.
Соболенко 2024 жылдың қазан айынан бері қатарынан 96 апта бойы көш басында тұрған еді. Ал WTA-ның ресми алдын ала шолуында да Рыбакинаның әлемдік рейтингтің шыңына көтерілу мүмкіндігі бар екені айтылған.
Биылғы маусымда Рыбакина Соболенконы Australian Open финалында жеңіп, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен басым түскен болатын. Бұл жеңіс оған «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі екінші титулын сыйлады.
Қазір Рыбакина Цинциннатиде жарысты жалғастырып жатыр. Ол ширек финалда Ига Швёнтекпен кездеседі, ал бұл матчтағы жеңіс оны тарихи межеге тағы бір қадам жақындатады.