Елена Рыбакина Цинциннатиде WTA рейтингін алғаш рет бастауға жақындады
Елена Рыбакина Цинциннати ашық чемпионатында әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігіне ие болды. Қазір ол Арина Соболенкомен тікелей бәсекеде тұр.
Цинциннати ашық чемпионаты Елена Рыбакинаның WTA рейтингінде алғаш рет көш бастауына мүмкіндік беретін додаға айналды. Турнир ұйымдастырушылары қазақстандық теннисшінің әлемдік біріншілікке таласындағы жағдайын ерекше атап өтті.
Материал авторы Ричард Осборн соңғы жылдары Рыбакина мен Арина Соболенко арасындағы бәсекенің күшейе түскенін жазды. Енді бұл тартыс алғаш рет әлем рейтингінің ең жоғарғы сатысы үшін тікелей күреске ұласып отыр.
Соболенко 96 апта бойы бірінші орынды бермей келеді. Бұл — бірізді көшбасшылық ұзақтығы бойынша тарихтағы алтыншы көрсеткіш.
Australian Open-2026 финалында Соболенконы жеңгеннен кейін Рыбакина арақашықтықты қысқарта бастады. Цинциннати турнирі қарсаңында қазақстандық спортшыға рейтингтің бірінші сатысына таласуға нақты мүмкіндік туды.
«Мен бала кезімде бұны армандаған емеспін. Тіпті кәсіби теннисші боламын деп те ойламадым, сондықтан мұндай нәрсе ойымда болған жоқ. Қазір де бұл туралы көп ойланбауға тырысамын, өйткені алда әлі турнир көп, жақсы өнер көрсете алатын ойыншылар да жетерлік. Мен үшін ең маңыздысы — қазіргі сәтте болу және барынша шоғырлану», — деді Рыбакина.
Елена Рыбакина Цинциннатиға Торонто қаласындағы National Bank Open турнирінің финалына дейін жетіп келгеннен кейін аттанды. Биыл ол WTA 1000 санатындағы жарыстарда 24 матч ұтып, турдағы ең үздік нәтижені көрсетті. Сондай-ақ, хард төсенішіндегі жеңістер саны бойынша WTA деңгейінде 28 рет жеңіске жетіп, алға шықты.
Жалпы есепте Рыбакина 2026 жылы жекелей сында 41 жеңіс тіркеді. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек америкалық Джессика Пегуладан қалып тұр, Пегуланың қоржынында 42 жеңіс бар. Ал Соболенко Цинциннатиде бірінші орынды сақтап қалу үшін өз жағдайын өзі бақылап отыр: егер ол турнирде топ жарса, рейтинг көшін жалғастырады, ал ерте ұтылса және Рыбакина чемпион атанса, көшбасшы ауысады.