Футбол

Алдияр Нұрғали: маусым алдында бабымызды күшейтіп, чемпиондыққа ұмтыламыз

Испаниялық «Леванте» сапындағы қазақстандық жартылай қорғаушы Алдияр Нұрғали дайындық барысы мен алдағы маусымға қойған мақсаты туралы айтты. Ол өзін жақсы сезінетінін айтып, командамен бірге чемпиондық үшін күресуге ниетті екенін жеткізді.

Испаниялық «Леванте» клубының жартылай қорғаушысы Алдияр Нұрғали оқу-жаттығу жиындарындағы жұмыс, физикалық дайындығы және маусым алдындағы кездесулер туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, командада жаңа ойыншылар көп, ал ұжым қазір өте қарқынды дайындалып жатыр. Нұрғали өзін жақсы сезінетінін айтып, жаттығу процесінде де, залда да көп еңбек етіп жүргенін атап өтті.

«Өзімді өте жақсы сезініп жүрмін, өйткені біз жаттығуға дейін де, кейін де залда көп жұмыс істейміз. Жасыл алаңда да белсенді дайындалып жатырмыз. Күн сайын, біртіндеп прогресс байқалып келеді, сондықтан маусым басына қарай бабымда боламын деп ойлаймын», — деді қазақстандық футболшы.

Ол команда үшін алдағы екі матчтың маңызы зор екенін де айтты. Нұрғали маусым алдындағы кезеңді сәтті аяқтау жаңа маусымға жігермен кірісуге көмектесетінін, ал басты мақсат — лигадан чемпион атану екенін жеткізді.

«Бұл — ұжымның жақындасуына, бір-бірімізді жақсырақ түсінуімізге тамаша мүмкіндік. Бұл да өте маңызды. Бізге мүмкіндік берген клуб пен бапкерлерге алғыс айтамын», — деді ол.

Алдияр Нұрғали «Леванте» жүйесіне 2024 жылдың қаңтарында «Хисторикс Валенсиядан» ауысқан. Өткен маусымда ол «Леванте» U-19 командасы сапында 24 матч өткізіп, Испанияның жасөспірімдер чемпионатында 9 гол соқты. 18 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушы мамыр айында негізгі құраммен жаттығуға шақырту алып, кейін жазда «Атлетико Леванте» дубли сапына қосылды.