«Тобол» Белградта «Партизанмен» Еуропа Конференциялар лигасында кездеседі
Костанай «Тоболы» Еуропа Конференциялар лигасының үшінші іріктеу раунды аясында серб «Партизанымен» кездесу өткізеді. Матч тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі.
6-7 тамыз түні Белград қаласында костанайлық «Тобол» сербиялық «Партизан» клубымен Еуропа Конференциялар лигасының үшінші іріктеу раундының алғашқы кездесуін өткізеді. Матч Қазақстан уақыты бойынша түні сағат 00:00-де басталады, оны «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
«Тобол» ағымдағы еурокубоктар маусымына екінші раундтан бастап қатысып жатыр. Иіктеу сатысында костанайлық клуб литвалық «Паневежис» командасымен кездесіп, негізгі уақытта 2:2 есебімен тең түсті, ал пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіске жетті.
«Партизан» да өз сапарын екінші раундтан бастаған. Серб клубы люксембургтік «УНА Штрассен» командасынан үстем түсіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жеткен болды.
«Тобол» мен «Партизан» арасындағы қайтарма кездесу 13 тамызда Костанай қаласында өтеді.
Еуропалық турнирлер маусымында Қазақстанды тағы бір клуб — алматылық «Кайрат» өкілдік етеді. «Кайрат» Еуропа Чемпиондар лигасының үшінші раундында ойнайды әрі бұл жетістігінің арқасында еурокубоктардың негізгі раундына қатысуын қамтамасыз етіп қойды.