Хоккей

IIHF Континенталдық кубок финалы өтетін орынды бекітті: «Номад» Белфастта ойнайды

Халықаралық хоккей федерациясы Континенталдық кубок-2027 финалдық кезеңінің өтетін жерін ресми түрде бекітті. Астаналық «Номад» 14 қаңтарда Белфастта алғашқы матчын өткізеді.

Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Континенталдық кубок-2027 финалдық кезеңі өтетін орынды ресми түрде бекітті. Бұл шешімге сәйкес, шешуші дода 14-17 қаңтар аралығында Белфастта (Солтүстік Ирландия) өтеді.

Финалдық кезең ойындары The O2 Belfast аренасында ұйымдастырылады. Турнирдің бұл сатысын жергілікті «Белфаст Джайантс» клубы қабылдайды.

Жүлде үшін алты команда бақ сынайды: астаналық «Номад», британдық «Белфаст Джайантс», француздық «Драгонс де Руан», поляктың ГКС «Катовице» клубы, даттық «Херлев Иглз» және румындық «Корона Брашов».

«Номад» финалдық кезеңдегі алғашқы кездесуін 14 қаңтарда алаң иелері — «Белфаст Джайантсқа» қарсы өткізеді. Континенталдық кубоктың иегері 17 қаңтарда анықталады.

Астаналық клуб финалға екінші раундтағы D тобында барлық үш ойында жеңіске жетіп жолдама алды. «Номад» италиялық «Азиагоны» 3:2, румындық «Корона Брашовты» 5:2 және даттық «Херлев Иглзді» 3:0 есебімен жеңді.