«Барыс» СКА-ны бес жылдан кейін алғаш рет ұтты
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Санкт-Петербургтің СКА командасын сырт алаңда 7:4 есебімен жеңді. Бұл — қазақстандық клубтың осы қарсыласынан бес жылға жуық уақыттан кейінгі алғашқы жеңісі.
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Санкт-Петербургтің СКА командасын сырт алаңда 7:4 есебімен ұтты.
Бұл жеңіс Михаил Кравец баптайтын ұжым үшін ерекше маңызды болды. Өйткені «Барыс» СКА-ны соңғы рет 2021 жылдың 17 қазанында дәл Санкт-Петербургте жеңген еді. Ол кезде қазақстандық клуб буллит сериясында 4:3 есебімен басым түскен.
Содан бері екі команда КХЛ-де тоғыз мәрте кездесіп, барлық ойында жеңіс СКА-ның еншісінде қалған болатын. Осы жолы астаналықтар ұзаққа созылған сәтсіз серияны тоқтатты.
Қазіргі таңда «Барыс» 31 матчтан кейін 33 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орында тұр.
Астаналық клуб келесі кездесуін 29 қарашада Нижнекамскіде «Нефтехимикке» қарсы өткізеді.